Мемлекеттік тіл – әкімшілік сот ісін жүргізудің берік тірегі

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Бұл қағида – тек құқықтық норма ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік басқару мен сот төрелігінің негізгі рухани-ұйымдастырушылық тірегі болып табылады. Әкімшілік әділет жүйесінің дамуы жағдайында мемлекеттік тілдің рөлі айрықша мәнге ие болып отыр.

Әкімшілік сот ісін жүргізу – азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы жария-құқықтық дау- ларды қараудың маңызды тетігі. Бұл салада азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғау үшін процестің ашықтығы, қолжетімділігі және түсініктілігі басты орын алады. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік тілдің қолданылуы – әділ сот төрелігінің сапасын арттыратын негізгі факторлардың бірі.
«Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне» сәйкес, сот ісін жүргізу тілі заңнама талаптарына сай белгіленеді. Дегенмен, азаматтардың көпшілігі өз құқықтарын ана тілінде қорғауға ұмтылады. Сондықтан соттарда мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту – уақыт талабы.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотта мемлекеттік тілдің қолданылуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, сот құжаттарын мемлекеттік тілде сапалы дайындау, іс жүргізу барысында аударма қызметінің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ сот қызметкерлерінің тілдік құзыреттілігін жетілдіру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл – тек формалды талап емес, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін нығайтатын маңызды қадам.
Сот процесінде мемлекеттік тілді еркін қолдану – тараптардың теңдігін қамтамасыз етудің де бір көрінісі. Әрбір азамат сотта өз ойын еркін, нақты әрі толық жеткізе алуға тиіс. Бұл өз кезегінде сот шешімдерінің түсініктілігі мен әділдігіне ықпал етеді.
Сонымен қатар мемлекеттік тілдің сот саласында кеңінен қолданылуы құқықтық мәдениеттің дамуына да оң әсерін тигізеді. Құқықтық құжаттардың, сот актілерінің қазақ тілінде сапалы жазылуы – заң терминологиясының дамуына және бірізденуіне жол ашады.
Әрине, бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуға тиіс. Мемлекеттік тілдің сот ісіндегі рөлін арттыру – тек сот органдарының ғана емес, барлық мемлекеттік мекемелердің, сондай-ақ қоғамның ортақ міндеті.
Мемлекеттік тіл – әкімшілік әділеттің ажырамас бөлігі. Оның сот ісінде кеңінен қолданылуы азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға, сот жүйесіне деген сенімді нығайтуға және құқықтық мемлекеттің қағидаттарын орнықтыруға қызмет етеді.
Жамбыл облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра береді.

А.ЖАСҰЗАҚОВ,
Жамбыл облысының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы

Comments (0)
Add Comment