Мемлекеттің қуаты тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Оның шынайы көрінісі халық тұрмысынан, отбасы берекесінен, ұрпақтың саулығы мен қарттың қамсыз тіршілігінен байқалады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған әр Жолдауында үнемі айтып келеді. Сондай-ақ Президент ұсынған Әділетті Қазақстан тұжырымдамасы да осы қағидатқа негізделген.
Медицинаның көкжиегі кеңейді
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдау- ында: «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды», – деп сол бойынша нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Бүгінде осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Айталық, кейінгі жылдары әлеуметтік саясаттың ауқымы кеңейіп, азаматтарды қолдаудың жаңа тетіктері іске қосылды. Бүгінде 2,5 миллионнан астам адам зейнетақы алады, 630 мыңнан аса көпбалалы отбасы мемлекеттік жәрдемақымен қамтылған, мүгедектігі бар 544 мыңнан астам азаматқа қолдау көрсетіледі.
Халықтың денсаулығын қорғау әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының қатарында қалып отыр. Осы мақсатта Үкімет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтап, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жұмысын жалғастырып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елдің қай өңірінде тұрса да әр азамат сапалы медициналық көмекке қол жеткізуге тиіс. Қазір отандастарымыз мемлекет қаржысы есебінен медициналық қызметтің кең ауқымын пайдалана алады.
Олардың қатарында дәрігерлер кеңесі, профилактикалық тексерулер, күрделі операциялар мен жоғары технологиялық ем түрлері бар. Кардиохирургия, нейрохирургия, ағза трансплантациясы, онкологиялық ауруларды емдеу, сирек кездесетін дерттерге шалдыққан нау- қастарға көмек көрсету секілді қымбат қызметтер де бюджет есебінен қаржыландырылады. Мұндай ем-дом түрлерінің құны кей жағдайда ондаған миллион теңгеге жетеді.
Соңғы өзгерістердің бірі – онкологиялық скринингтердің тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енгізілуі. Соның нәтижесінде шамамен 300 мың адам қосымша диагностикалық тексеруден өту мүмкіндігіне ие болды. Денсаулық сақтау саласында қолға алынған шаралар нақты нәтиже бере бастады. Елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, 75,97 жасты құрады.
Мемлекет есебінен көрсетілетін жоғары технологиялы медициналық көмек көлемі де жыл сайын артып келеді. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі азаматтарға күрделі операциялар мен заманауи ем тәсілдерін қолжетімді етеді. Соның арқасында қымбат ем-дом тек табысы жоғары азаматтардың ғана емес, барлық тұрғынның игілігіне айналды. Әсіресе, ауыр дертке шалдыққан балаларды емдеуге басымдық беріліп келеді. Дәрігерлер жыл сайын туа біткен аурулары мен түрлі патологиялары бар шамамен 1,5 мың сәбиге операция жасайды. Оның 40 пайызға жуығы аз инвазивті эндовидеохирургиялық технологиялардың көмегімен жүзеге асырылады. Мұндай әдіс ағзаға түсетін салмақты азайтып, баланың тезірек сауығуына жол ашады.
Үкіметтің дерегіне сүйенсек, балалар кардиохирургиясы саласында да оң өзгерістер байқалады. Елімізде жыл сайын жүрек-қан тамырлары жүйе- сінің туа біткен ақауы бар балаларға екі мыңға жуық ашық операция жасалады. Кейінгі жылдары операциядан кейінгі нәрестелердің өміршеңдік деңгейі 88 пайыздан 93 пайызға дейін өсті. Бұған қоса денсаулық сақтау жүйесіне 19 инновациялық медициналық технология енгізілді. Соның нәтижесінде балаларды шетелге емделуге жіберу қажеттілігі екі есеге азайып, жоғары технологиялы көмек ел ішінде көрсетіле бастады.
Денсаулық сақтау саласындағы маңызды міндеттердің бірі – азаматтарды қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Бұл бағытта да қолдау көлемі айтарлықтай ұлғайды. Егер 2018 жылы мемлекет есебінен тегін дәрі-дәрмек алған азаматтар саны 1,9 миллион адамды құраса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 3,4 миллионға жетті.
Амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтуға бөлінетін қаржы көлемі де бірнеше есе өсті. Атап айт- қанда, 7 жыл ішінде бұл мақсатқа қарастырылған қаражат 87,2 миллиард теңгеден 337,4 миллиард теңгеге дейін ұлғайды.
Әлеуметтік саясаттағы басым бағыттардың бірі – ана мен баланы қорғау. Жүкті әйелді қолдау тек босану кезеңімен шектелмейді. Бүгінде денсау- лық сақтау жүйесі жүктілікті жоспарлаудан бастап сәби дүниеге келгеннен кейінгі бақылауға дейінгі барлық кезеңді қамтитын кешенді модельге көшіп келеді.
Қабылданған шаралардың нәтижесі де байқалады. Тәуелсіздік жылдарында елімізде ана өлімінің көрсеткіші 6 есеге төмендеді. Кейінгі 5 жылдың өзінде бұл көрсеткіш тағы 35 пайызға азайды. Мамандар мұны әйелдер денсаулығын бақылау жүйесінің күшеюімен, ерте диагностиканың дамуы және медициналық көмектің қолжетімді болуы арқылы түсіндіреді. Қазір жүкті әйелдердің 90 пайыздан астамы жүктіліктің алғашқы 12 аптасында дәрігер есебіне алынады. Бұл түрлі қауіп-қатерді ерте анықтауға, қажетті ем-шараны дер кезінде жүргізуге мүмкіндік береді.
Ана денсаулығын қорғауға бағытталған жаңа жобалар да іске қосылып жатыр. 2025 жылғы тамыздан бастап «Аналар саулығы» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Оның аясында әйелдер алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде 15 түрлі тексеруден тегін өте алады. Сонымен қатар «Бір күндік клиника» жобасы дамып келеді. Бұл жүйе жүкті әйелдерге бірнеше күн не апта күтпей-ақ, қажетті зерттеулер мен мамандар кеңесін бір күн ішінде алуға жағдай жасайды.
Балалардың толыққанды өмірге бейімделуі де назардан тыс қалған жоқ. Осы мақсатта медициналық оңалту жүйесі кеңейтіліп келеді. Қазір елімізде балаларға арналған 81 оңалту орталығы жұмыс істейді. Мұнда жүздеген мың бала түрлі емдік және қалпына келтіру қызметін алады. Сонымен қатар жаңа оңалту орталықтарын ашу, даму ерекшеліктерін ерте анықтау, дер кезінде көмек көрсетуге бағытталған ерте араласу қызметтерін дамыту жұмысы жалғасып жатыр.
Әлеуметтік қорғаудың әлеуеті артты
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдау- ында: «Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады», – деген еді. Осыған орай мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі де айтарлықтай артты. Әсіресе, құжат рәсімдеу мен сараптамадан өту тәртібін жеңілдетуге басымдық берілді. 2022 жылдан бастап елімізде мүгедектікті тағайындаудың сырттай проактивті форматы енгізілді. Азаматтар медициналық-әлеу- меттік сараптама бөлімшелеріне бармай-ақ қажетті рәсімдерді қашық- тан өте алады. Қазір куәландыру рәсімдерінің 45 пайыздан астамы онлайн форматта жүргізіледі.
Биылдан бастап мүгедектік бойынша төленетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі 10 пайызға ұлғайтылды. Нәтижесінде І топтағы мүгедектігі бар азаматтарға төленетін қолдау көлемі 200 мың теңгеге дейін жетті. ІІ топ үшін бұл көрсеткіш 154 мың теңгеге, ІІІ топ үшін 117 мың теңгеге дейін өсті.
Әлеуметтік саясаттың тағы бір маңызды бағыты – табысы төмен отбасыларды қолдау. Осы мақсатта елімізде атаулы әлеуметтік көмек жүйесі жұмыс істейді. Бұл қолдау отбасының құрамы мен табыс деңгейін ескере отырып тағайындалады. Яғни көмек нақты мұқтаж азаматтарға бағытталады.
Сонымен қатар мемлекет еңбекке қабілетті азаматтардың жұмыспен қамтылуына ерекше мән береді. Әлеуметтік қолдау кәсіптік оқыту, жаңа мамандық игеру, жұмысқа орналасу мүмкіндігі және кәсіпкерлік бастамаларды дамыту шараларымен қатар жүреді. Егер отбасында еңбекке жарамды адам болмаса немесе объективті себептерге байланысты жұмыс істеуге мүмкіндігі шектеулі болса, мемлекеттік қолдау қосымша талаптарсыз көрсетіледі.
Әлеуметтік саясат тек жәрдемақы төлеумен шектелмейді. Кей жағдайда адамға қаржылай көмектен бұрын күтім, кеңес, оңалту немесе құқықтық қолдау қажет болады. Сондықтан кейінгі жылдары елімізде өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға арналған арнайы әлеуметтік қызметтер жүйесі кеңейтіліп келеді. Бұл қолдау мүгедектігі бар балалар мен ересектерге, өздігінен күтім жасай алмайтын қарттарға, тұрақты баспанасы жоқ азаматтарға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандарға, адам саудасының құрбандарына, сондай-ақ пробациялық бақылаудағы азаматтарға көрсетіледі.
Арнайы әлеуметтік қызметтер аясында азаматтарға кешенді көмек беріледі. Оның құрамына әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбекке бейімдеу, мәдени, экономикалық және құқықтық қолдау кіреді. Яғни, мақсат – қиындыққа тап болған адамды уақытша қолдап қана қоймай, оның қоғамдағы қалыпты өмірге қайта оралуына жағдай жасау. Қазір республика аумағында мұндай қызметтерді көрсететін 649 лицензияланған ұйым жұмыс істейді. Биылғы 1 маусымдағы жағдайға сәйкес, арнайы әлеуметтік қызметпен 103 мыңнан астам адам қамтылған. Олардың ішінде 60 мыңнан астам азамат қажетті көмекті өз үйінде алады. 18 мыңнан астам адам стационарлық мекемелерде қызмет көрсетумен қамтылған. Сонымен қатар жартылай стационарлық ұйымдар мен уақытша орналастыру орталықтарында да мыңдаған азаматқа қолдау көрсетіліп келеді.
2025 жылдан бастап арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау жүйесі енгізілді. Енді мұндай мекемелерде білікті мамандардың болуы, қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілуі, санитарлық талаптардың сақталуы, өрт қауіпсіздігі жүйесінің болуы және қозғалысы шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастырылуы міндеттелді.
Қорыта айтқанда, адам капиталына салынған инвестиция – елдің ұзақ мерзімді дамуының ең сенімді негізі. Денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, әлеуметтік қорғау тетіктерін күшейту, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалар азаматтардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, қоғамның тұрақтылығы мен бірлігін нығайтуға ықпал етеді. Әсіресе, әр адамның сапалы медициналық көмекке, әлеуметтік қолдауға және тең мүмкіндіктерге қол жеткізуі әділетті қоғам құрудың басты шарттарының бірі болып отыр. Мемлекет жүзеге асырып жатқан реформалардың түпкі мақсаты – әр азаматтың әлеуетін ашуға жағдай жасап, оның өмірлік мүмкіндіктерін кеңейту. Себебі білімді, дені сау, әлеу- меттік тұрғыдан қорғалған ұлт қана жаһандық сын-қатерлерге төтеп беріп, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады. Сондықтан адамға бағытталған саясат алдағы уақытта да Қазақстанның орнықты дамуы мен кемел келешегінің басты тірегі болып қала береді.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ