Талас жастарының тұғыры – биік, танымы – терең

Қазіргі таңда жастар мәселесі кез келген мемлекеттің стратегиялық даму бағыттарының бірі саналады. Себебі жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің ертеңі мен жарқын болашағының басты кепілі. Жас буынның сапалы білім алып, еңбек нарығында өз орнын табуы, қоғамдық өмірге белсенді араласуы және ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі – мемлекеттің тұрақты дамуының маңызды көрсеткіші. Сондықтан жастардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау, олардың азаматтық белсенділігін арттыру, кәсіби және рухани тұрғыдан қалыптасуына қолдау көрсету зор маңызға ие болып отыр.

Осы бағытта Талас ауданында жастар саясатын тиімді жүзеге асыру мақсатымен кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, патриоттық тәрбие беру, құқықтық сауаттылығын арттыру және бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағыттарында жүйелі жобалар мен іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Ағымдағы жылғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, Талас ауданында 46 583 тұрғын болса, оның ішінде 14 354-і – жастар. Бұл аудан халқының 30,8 пайызын құрайды. Жастардың 9 490-ы Қаратау қаласында тұрса, 4 864-і ауылдық округтерде тұрмыс кешуде. Сондай-ақ экономикалық белсенді жастар саны – 8 453, ал NEET санатындағы және уақытша бос жүрген жастар саны 235 адам болып отыр.
Жастардың білім алуына да ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде аудан мектептерінде 3 мыңнан астам жас білім алуда. Ал Қаратау қаласындағы үш колледжде 887 студент оқып жатыр. Бұдан бөлек, ауданның 2 мыңнан аса жасы еліміздің әр өңіріндегі жоғары оқу орындарында тәлім алуда. Бұл көрсеткіштер аудан жастарының білімге деген құштарлығы мен болашаққа деген ұмтылысын көрсетеді.
Жастарды жұмыспен қамту мәселесі де – аудан басшылығының тұрақты назарында. Себебі тұрақты жұмысы бар жас – әлеуметтік тұрғыдан қорғалған, болашағына сеніммен қарайтын әрі қоғам дамуына өз үлесін қоса алатын азамат. Сондықтан аудан көлемінде жастардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, кәсіптік дағдыларын жетілдіруге және тұрақты жұмыс орындарына орналасуына бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Бұл бағыттағы жұмыстар жастардың сұранысы мен еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып жүргізіледі. Жастарға бос жұмыс орындары туралы ақпарат беру, кәсіптік бағдарлау жұмыстарын ұйымдастыру, мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіру және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар жұмыссыз жүрген жастармен жеке жұмыстар жүргізіліп, олардың білім деңгейі мен мамандығына сәйкес жұмысқа орналасуына ықпал жасалуда.
Нәтижесінде жыл басынан бері 337 жас мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылып, оның 176-сы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Сонымен қатар 16 жас «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін меңгерсе, 19 адам Skills.enbek платформасында оқудан өтті. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 74 жас тартылып, 5 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Ал 47 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында еңбек жолын бастауға мүмкіндік алды.
Жастардың рухани, мәдени және азаматтық дамуына қолдау көрсету мақсатымен Талас аудандық жастар ресурстық орталығы ауқымды жұмыс- тар жүргізуде. Айталық, ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында рухани-адамгершілік бағытында – 80, мәдени-шығармашылық бағытта – 57, әскери-патриоттық бағытта – 36, спорттық бағытта – 37, діни бағытта – 43, кеңес беру бойынша – 74, психологиялық-танымдық бағытта – 68, этносаралық келісімді нығайту бойынша – 52, экологиялық бағытта – 66, құқықтық бағытта – 104 және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша 30 іс-шара өткізілді.
Жастар арасында құқық-бұзушылықтың алдын алу, психология- лық қолдау көрсету және әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатымен аудандық полиция бөлімі мен орталық аурухананың психолог мамандарымен бірлескен жұмыстар да өз нәтижесін беруде. Жыл басынан бері мектептер мен колледждерде 647 іс-шара ұйымдастырылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары көрсеткіш болып отыр. Аталған шараларға 8 мыңнан астам жас қатысып, өздеріне қажетті маңызды ақпараттар мен тәжірибелер алды.
Жыл басынан бері өткізілген іс-шаралар жастар арасында үлкен қолдау тапты. Қаңтар айында Қаратау қаласында еңбек адамдарына құрмет көрсету мақсатымен «Жылы ықылас – адал еңбекке» акциясы ұйымдастырылып, қоғамдық қызметкерлерге ыстық шай мен тәттілер таратылды. Бұл акция жастардың қарапайым еңбек иелеріне деген құрметін арттыруға бағытталды.
Ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатымен «Ұрпақтар сабақтас- тығы – ел болашағы» атты кездесу ұйымдастырылып, ардагер Жұмабек Әсемовпен тағылымды сұхбат өткізілді. Кездесу барысында еңбекқорлық, отансүйгіштік, адамгершілік және ұлттық құндылықтар жөнінде мазмұнды әңгімелер өрбіп, жастар өмірлік тәжірибе жинақтады.
Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай аудандық «Мұзбалақ Мұқағали» атты жыр кеші ұйымдастырылып, жастар ақын шығармашылығымен тереңірек танысты. Сонымен қатар ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған «Жырмен жанған Жамбыл» аудандық мүшәйрасы өткізіліп, жас ақындардың шығармашылығын дамытуға және қолдауға мүмкіндік берілді.
Халықаралық волонтерлар жылы аясында ұйымдастырылған «Тегін такси» қайырымдылық акциясы да тұрғындардың ризашылығына бөленді. Қолайсыз ауа райы жағдайында жүзеге асқан бұл бастама жастардың әлеу- меттік жауапкершілігі жоғары екенін және қоғам игілігі үшін қызмет етуге дайын екенін танытты.
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Мен және заң» мектепішілік пікірсайыс турнирі өткізілді. Сонымен қатар «Әлеуметтік желілер мен құмар ойындар: байланысы мен қауіптері» тақырыбында түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып, сталкингтің алдын алу бойынша ақпараттық шаралар жүргізілді. Ауылдық округтерде «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында «Тәртіпті жас – ел тірегі» атты жасөспірімдер арасындағы аймақтық спартакиада ұйымдастырылды.
Кәсіпкерлікті дамыту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Кәсіпкермен сұхбат» кездесулері тұрақты өткізіліп, жастарға бизнесті жүргізудің қыр-сыры түсіндірілуде. Сонымен қатар NEET санатындағы жастармен адресаттық жұмыстар жүргізіліп, оларды жұмыспен қамту мен кәсіптік бағдарлау мәселелеріне ерекше назар аударылуда.
Алғыс айту күніне орай «Қауіпсіздік пен өмір сақшыларына мың алғыс!» акциясы ұйымдастырылып, қоғам тыныштығы үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді. Ал «Көктем шуағы – мейірім» акциясы барысында нәзік жандыларға гүл шоқтары табысталып, көтеріңкі көңіл күй сыйланды.
Ұлттық тәрбие мен мәдени құндылықтарды дәріптеу мақсатымен «Қазақ қызы – ұлт айнасы» аудандық қыз сыны байқауы өткізілді. Сонымен қатар Қозы Көрпеш-Баян сұлу күніне арналған «Strings of Love: Қозы-Баян кеші» атты акустикалық кеш ұйымдас- тырылып, жастардың рухани мәдениетін дамытуға ықпал етті.
Наурыз мерекесі қарсаңында №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында «Жүректен жүрекке» атты мерекелік концерт өткізіліп, ерекше жандар қуанышқа кенелді. Сондай-ақ «Қайырымдылық – адамгершіліктің белгісі» акциясы ұйымдастырылып, мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетілді.
Салауатты өмір салтын қалыптас- тыру мен спортты дамыту бағытында аудан көлемінде көптеген жарыстар өткізілді. Атап айтқанда, Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Татулық пен келісім – басты байлық ел үшін» аудандық спартакиадасы және нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған велошеру мен спартакиада жастар арасында кең қолдау тапты.
Әскери-патриоттық тәрбиені күшейту мақсатында «Жас сарбаз» пат- риоттық тобының ұйымдастыруымен «Біртұтас ел – біртұтас жер!» атты іс-шара өткізілді. Сонымен қатар Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай «Ел қорғайтын мен боламын» әскери-спорттық жарысы ұйымдастырылып, жастардың әскери даярлығы мен патриоттық рухын арттыруға ықпал етті. Бұдан бөлек, «Жеңіс лентасы» акциясы өткізіліп, тұрғындарға жеңіс ленталары таратылды.
Этносаралық келісімді нығайту бағытында «Ұлт достығы – ортақ үйіміз» мәдени фестивалі өткізілді. Бұл шара аудан тұрғындарының өзара түсіністігін, бірлігі мен татулығын нығайтуға бағытталды.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз Талас» және «Қоғамдық сақшы» жобалары жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері 33 түнгі рейд ұйымдас- тырылып, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қорытындылай келе, Талас ауданында жастар саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға, олардың білім алуына, жұмыспен қамтылуына, кәсіпкерлікпен айналысуына және қоғамдық өмірге араласуына кең мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын тауып, Талас жастарының жарқын болашағын қалыптастыруға және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.

Нұрсұлтан МАНАТБЕКОВ,
Талас ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің
«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры

Comments (0)
Add Comment