Шерхан университетінің түлектері Таразда бас қосты

«Баласағұн» орталық концерт залында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған «Мақсаты айқын түлек – табысты болашақ» атты Alumni Forum жоғары деңгейде өтіп, әр жылдардағы түлектердің басын қосты.

Университет қабырғасынан түлеп ұшқан азаматтардың қайта қауышуы – тек естеліктерді жаңғыртқан кездесу ғана емес, өткен мен бүгінді, тәжірибе мен болашақты тоғыстырған тағылымды басқосу болды. Форумға қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, ғылым мен білім саласының өкілдері, университет оқытушылары мен студент жастар қатысып, өзара пікір алмасып, жаңа бастамаларға жол ашты.
Іс-шараның салтанатты ашылуында университет құрылтайшысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов сөз сөйлеп, түлектердің оқу орнының дамуына қосқан үлесі мен олардың қоғамдағы орнына ерекше тоқталды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жолдаған арнайы құттықтау хат форум қатысушыларына оқылып, игі бастамаға жоғары баға берілді.
– Бүгінгі форум – әр жылдары білім алған түлектердің байланысы мен сабақтастығын дамытатын алаң. Бүгінде университет бакалавриаттың – 53, магистратураның 24 білім бағдарламасымен мамандар даярлайды. Кезінде негізінен гуманитарлық бағытта білім берген институт бүгін көпсалалы университет деңгейіне көтерілді. Сонымен қатар соңғы жылдары университет ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау және аграрлық ғылымды дамыту бағытына ерекше назар аударып отыр. «Орман шаруашылығы», «Балық шаруашылығы» сияқты жаңа білім беру бағдарламалары ашылды. Біздің Жамбыл облысы – аграрлық өңір. Елдің болашағы ауылдың ахуалына тікелей байланысты. Көптеген ауылдан келген түлектеріміз университет бітіріп, қалада қалмай, ауылдың дамуына өз үлестерін қосуда.
Бүгінде Шерхан университетінде дәріс беретін ұстаздардың 46 пайызы ғылыми дәрежесі мен атақтары бар. Өзімізге өзіміз ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау мақсатымен, соңғы бір жылдың ішінде Талғат Нұрбеков, Дархан Наурызбаев, Айнұр Кембаева, Гүлшат Құлабекова PhD бағдарламасы бойынша докторлық диссертациялар қорғады.
Жылдан жылға жаңа ғимарат, спорт кешені, ғылыми-өндірістік нысандар университеттің заманға сай келбетін көркейтіп келеді. Бүгінде университетте 8 мыңнан астам жас білім алуда. Былтырғы жылы бірінші курсқа 18 «Алтын белгі», 24 «Үздік аттестат» иегері, республикалық, облыстық, қалалық, аудандық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қабылданды. Осы оқу жылында 5 студентіміз Президенттік стипендияға ие болды, – деді университет ректоры Махметғали Сарыбеков.
Шара барысында белсенді студенттер мен жетістікке жеткен жастар анайы сертификаттармен марапатталды. Кеш барысында қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Досымжан Таңатаров, Ернар Айдар, Әділет Жауғашар әннен шашу шашса, университет жастары көрініс қойып, салтанатты жиын көңілді нотада жалғасты.
Форум барысында түлектер университеттің бүгінгі жетістіктерімен танысып, студенттік шақтағы қызықты естеліктерімен бөлісті. Әсіресе, университеттің алғашқы түлектерінің бірі Мақсат Рахимовтың жастармен өткізген мотивациялық кездесуі ерекше әсер қалдырды. Ол өз өмір жолындағы жетістіктерін әңгімелей отырып, табысқа жетудің басты кілті білім мен табанды еңбек екенін атап өтті. Оның әр сөзі жастарға жігер беріп, болашаққа деген сенімдерін нығайтты.
Шара аясында қатысушылар ұлт руханиятының көрнекті өкілі, қазақ журналистикасының дара тұлғасы Шерхан Мұртаза ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Сондай-ақ университеттің Студенттер үйін аралап, білім ордасының жаңа жобалары мен даму жоспарларымен танысты.
Форумның маңызды сәттерінің бірі – университеттің Эндаумент қорының құрылғанының жариялануы болды. Бұл бастама оқу орнының тұрақты дамуына, талантты жастарды қолдауға және білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды. Сонымен бірге түлектер қауымдастығының алдағы қыз- меті талқыланып, бірқатар жаңа ұсыныстар ортаға салынды.
Кездесу барысында елімізге белгілі тұлғалар мен университет түлектері туған білім ордасына деген ыстық ықыластарын білдіріп, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Әрқайсысының сөзінен университетке деген мақтаныш сезімі мен құрмет аңғарылып тұрды. Форум түлектер арасындағы іскерлік және достық байланыстарды нығайтып қана қоймай, жаңа жобалардың бастау алуына мүмкіндік берді.
Алғаш рет ұйымдастырылған Alumni Forum университет өміріндегі айтулы оқиғаға айналды. Бұл кездесу түлектер мен университет арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеріп, ортақ мақсаттарға ұйысқан үлкен қауымдастықтың қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Білім ордасынан қанат қаққан әрбір түлек – университеттің мақтанышы. Ал олардың жетістігі – оқу орнының ең үлкен жеңісі.
«Мақсаты айқын түлек – табыс- ты болашақ» атты форум өткенге тағзым жасап, бүгінді бағалап, келешекке нық қадам жасауға үндеген тағылымды алаң ретінде есте қалды.

Жансая ӘЛІМБЕТ,
М. Х. Дулати атындағы Тараз университеті
«Конвергентті журналистика» мамандығының 2-курс студенті

Comments (0)
Add Comment