Туберкулез – адам денсаулығына қауіп төндіретін жұқпалы аурулардың бірі. Бұл дерт көбіне өкпені зақымдап, ауа арқылы адамнан адамға тез таралады. Дегенмен, медицина дамыған қазіргі заманда туберкулезді ерте анықтап, уақытылы ем қабылдау арқылы толық жазылып шығуға болады. Сондықтан әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, аурудың алдын алу шараларын сақтауы аса маңызды.
Туберкулез ауруы көбінесе науқас адамның жөтелуі, түшкіруі немесе сөйлесуі кезінде ауаға таралатын микробтар арқылы жұғады. Әсіресе, адам көп шоғырланған әрі желдетілмейтін жабық ғимараттарда жұқтыру қаупі жоғары. Ағзаның иммунитеті әлсіреген кезде ауру тез өршуі мүмкін. Сол себепті тазалық сақтау мен салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы зор.
Дәрігерлер туберкулездің алғашқы белгілеріне бейжай қарамауға шақырады. Егер адам екі аптадан астам уақыт жөтеліп, дене қызуы көтеріліп, түнде қатты терлесе, тәбеті төмендеп, салмақ жоғалтса немесе әлсіздік пен кеуде тұсының ауыруы байқалса, міндетті түрде медициналық мекемеге қаралуы қажет. Себебі ауруды ерте анықтау – сауығудың басты кепілі.
Туберкулездің алдын алу үшін қарапайым сақтық шараларын күнделікті өмірде ұстану маңызды. Атап айтқанда, жеке бас тазалығын сақтау, тұрғын үй мен жұмыс орнын жиі желдету, дұрыс әрі құнарлы тамақтану, дене белсенділігін арттыру және иммунитетті күшейту қажет. Сонымен қатар жыл сайын медициналық тексеруден өтіп тұру ауруды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Балаларға БЦЖ екпесін уақытылы алу да – туберкулездің алдын алудағы маңызды қадамдардың бірі.
Бүгінде туберкулезге қарсы күрес тек медицина саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр. Әр азамат өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, ауру белгілері байқалған жағдайда өз бетінше ем қабылдамай, дәрігер көмегіне жүгінгені жөн. Өйткені уақытында көрсетілген медициналық көмек адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Денсаулық – адам өміріндегі ең басты байлық. Сондықтан қауіпті дерттің алдын алып, өзіміздің және жақындарымыздың денсаулығына жауапкершілікпен қарайық. Тазалық сақтап, салауатты өмір салтын ұстанып, профилактикалық тексерулерден уақтылы өту арқылы туберкулездің таралуына тосқауыл қоя аламыз!
Медет НҰРДІЛЛӘҰЛЫ,
Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі