Жамбыл облысында экономикалық өсім 118,4 пайызға жетті

2026 жылдың алғашқы тоқсанында Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері айтарлықтай өсім көрсетті. Қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша өңір экономикасының өсімі 118,4 пайызды құрап, барлық негізгі салаларда оң динамика қалыптасты.

Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров төрағалық еткен әкімдік мәжілісінде мәлім болды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева есепті кезеңде барлық салалардағы өндіріс көлемінің артуы экономикалық өсімнің негізгі факторы болғанын атап өтті.

Өнеркәсіп саласында 355,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 227 миллиард теңгеге жетіп, 21,5 пайызға өсті. Тау-кен өндіру көлемі 54,4 миллиард теңгені құрап, 13,3 пайызға артты. Электрмен жабдықтау саласында 71,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, сумен жабдықтау саласының көлемі 2,2 миллиард теңгеге жетті.

Ауыл шаруашылығы саласында 45,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өсім негізінен мал шаруашылығы өнімдерінің көбеюі есебінен қамтамасыз етілді. Сауда айналымы 229,3 миллиард теңгені құрап, ішкі нарықтағы белсенділіктің жоғары екенін көрсетті.

Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 218,1 миллиард теңгені құрады. Оның 214,3 миллиард теңгесі жеке инвестициялар үлесіне тиесілі. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 72 пайыздық өсімді көрсетеді.

Жаңа мониторинг жүйесі арқылы басқармалар мен аудан әкімдерінің жұмысы 5 негізгі бағыт және 76 көрсеткіш бойынша бағаланатын болады. Бұл өңірдің даму қарқынын арттырып, нақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Comments (0)
Add Comment