Мемлекеттік рәміздер – азаттығымыздың айбыны

Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран – Қазақстанның дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Сонымен қатар халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер.

1992 жылдың 4 маусымы Қазақстанның рәміздері бекітілген күн болып тарихта қалды. 2007 жылғы 4 маусымда бекітілген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы мемлекеттік рәміздерімізді пайдалану тәртібін нақты белгілеп берді. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет еліміздің маңызды конституциялық нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Жарлығында былай делінген: «Елімізде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары жеке тұлға ретінде Қазақстан Республикасының Туын, Елтаңбасын, Әнұранын міндетті түрде құрметтеуі керек. Осы Жарлыққа сәйкес азаматтардың оны құрметтеуі үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін әлемге әйгілеу және насихаттау шаралар жиынтығы негізінде тұрақты түрде жүзеге асырсын.
Ұлттық рәміздеріміз ұлттың бірегейлігі мен ұлылығын көрсетеді. Ту, Елтаңба және Әнұран сынды ұлттың айшықты таңбаларының қабылдануы – дүниежүзінде Қазақстан дейтін мемлекет бар екендігінің көрінісі. Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, қасиетін білу, оны жүрекке тоқу – отансүйгіштіктің белгісі. Еліміздің жастары, өскелең ұрпақ патриот болсын десек, олардың бойына жастайынан осындай ұғымды сіңіруіміз қажет».
Мемлекеттік рәміздер еліміздің көпшілік азаматтарын отансүйгіштікке тәрбиелеуде ерекше маңызға ие. Осы мақсатта қазіргі таңда еліміздің рәміздерінің мәні мен мағынасын және олардың қолданылуын, сондай-ақ мемлекеттің қалыптасуын түсіндіру жұмыстары қазақстандық отансүйгіштікті және азаматтық позицияны нығайту үрдісіндегі бірден-бір маңызды факторға айналуы керек.
Мемлекеттік рәміздер ұлттық бірегейліктің қалыптасу тірегі және әрбір мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі екені белгілі. Қазақстанда қалыптасып келе жатқан ұлттық тұтастық біздің Туымыз, Әнұранымыз бен Елтаңбамызбен бірге жасаса алар асуы биік болмақ. Олар халықты ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіреді.

Бақыт ТОҚСАНБАЕВА,
Тараз қаласы әкімдігі
мәдениет және тілдерді дамыту
бөлімінің басшысы

Comments (0)
Add Comment