Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму
басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы
Құшағы құтқа толы қазақ топырағы – сан түрлі этнос өкілдерінің алтын бесігіне айналған қасиетті мекен. Кең байтақ даламыз талай тағдырдың тоғысқан, талай халықтың үміті мен болашағын байланыстырған ортақ шаңырағы болды. Қазақ халқының дархан көңілі мен кең пейілі тағдырлы талай жанды бауырына басып, қиын кезеңдерде қамқорлық көрсетті. Сол мейірім мен адамгершіліктің арқасында бүгінде елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, бір мақсат жолында еңбек етіп келеді.
Тәуелсіз Қазақстан үшін ең қымбат құндылықтардың бірі – ел бірлігі мен қоғамдық келісім. Өйткені татулық бар жерде тұрақтылық болады, ал тұрақтылық бар елдің болашағы баянды. Бүгінде Қазақстан әлемге ұлтаралық келісім мен бейбітшіліктің үлгісін көрсеткен мемлекет ретінде танылып отыр. Бұл жетістікке жетуде Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған рөлі ерекше. Ассамблея түрлі этностардың мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін сақтай отырып, барша халықты ортақ мүддеге ұйыстырып келеді.
Осы игі істердің алдыңғы қатарында Жамбыл облысы да бар. Қасиетті Әулиеата өңірі – ежелден ынтымақ пен ырыстың ордасы. Бұл өлкеде көптеген этнос өкілдері бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олар білім, медицина, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы мен өндіріс салаларында жемісті еңбек етіп, өңірдің дамуына өз үлестерін қосуда. Бірі кәсіп ашып халықты жұмыспен қамтыса, енді бірі ғылым мен өнердің дамуына қызмет етіп жүр.
Бүгінде өңірде 87 этнос пен этникалық топ өкілдері өмір сүреді. Ал этнос саны бойынша республикада екінші орындамыз. Сонымен қатар дүнген, күрд, түрік этностары жинақы орналасқан аймақтар бар. Бүгінде облыста 38 өкілдігі бар 41 этномәдени бірлестік тіркелген. Өткен жылдың қаңтар айында қоғамдық аккредиттеуден өткен 33 этномәдени бірлестік республикалық реестрге енгізілді.
Сонымен бірге аймақта Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ғылыми-сараптамалық топ, Ақсақалдар және Аналар кеңестері, этномедиация орталығы, журналистер клубы, «Жомарт жан» орталығы, «Ассамблея жастары», «Жас ғалым», «Қолөнер шеберлері» және «Белсенді ұзақ өмір сүру» клубтары, сондай-ақ этнос жастары қатысатын «Достық» театры жұмыс істейді.
Бүгінде этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатымен «Бейбітшілік пен келісім» және «Достық керуені» жобалары жүзеге асырылуда. «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы этносаралық мәселелерді дер кезінде анықтап, тиімді шешуге мүмкіндік беріп, бес жыл ішінде оң нәтижесін көрсетті. Қазіргі таңда бұл бағыт «Елтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында жалғасуда. Сонымен қатар соңғы үш жылда этносаралық тәуекелдердің алдын алу мақсатымен облыстық «Достық керуені» жобасы жүйелі түрде іске асырылып келеді.
Жалпы, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде өңірдегі этносаралық ахуал тұрақты, зерттеулер оң нәтиже көрсетуде. Көші-қон, халыққа қызмет көрсету, саяси көңіл күй және жұмыспен қамту мәселелері зерделеніп, тиісті мекемелерге нақты ұсыныстар берілді.
Сондай-ақ өңірде этномәдени бірлестіктер жанынан 30-дан астам шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Олардың қатарында вокалдық, би, аспаптық, театр және фольклорлық ансамбльдер бар. Сонымен бірге Достық үйінде «Zaman dance», «Infinity» би ансамбльдері және «Вдохновение» би тобы тұрақты жұмыс істейді. Мәдени-ағартушылық бағытта «Елтану» жобасы аясында «Музыкалық аспаптар әлемі» экспозициясы ашылып, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы: бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» көрмесі ұйымдастырылды.
Жастар бағыты да назардан тыс қалған емес. Айталық, өткен жылы өңірдегі оқу орындарында студенттік ассамблеялар ашылып, «Еңбек – елдің ертеңі» жобасы аясында «Жомарт жан» орталығы 30 колледж студентінің 4,3 млн теңге көлеміндегі оқу ақысын төлеуге қолдау көрсетті. Сондай-ақ «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «КӘСІПday» жобасы арқылы еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған шаралар жүзеге асырылуда.
Жалпы, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметі де мазмұндық тұрғыда жаңа бағыттарға бейімделеді. Ең алдымен, өңірдегі өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды саралап, нақты ұсыныстарды тиісті деңгейге жеткізу жұмысы күшейтіледі. Яғни, біз тек ұйымдастырушылық қызметпен шектелмей, халықтың сұранысы мен ұсынысын жүйелі түрде жинақтап, оны шешім қабылдау алаңдарына шығаратын маңызды буын болуымыз қажет.
Сонымен қатар этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау бағыты негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайту – кез келген реформаның табысты жүзеге асуының басты кепілі. Осы ретте Ассамблея институттарының әлеуетін тиімді пайдалану арқылы қоғамдық келісімді одан әрі дамытуға басымдық беріледі.
Тағы бір маңызды бағыт – ашықтық пен кері байланысты күшейту. Халық кеңесінің мәні – халық үніне құлақ асу болса, біз өңірлік деңгейде осы қағидатты нақты іске асыруымыз керек. Ол үшін қоғамдық қабылдаулар, диалог алаңдары, сараптамалық кездесулердің форматын жаңғыртып, олардың нәтижелілігіне баса мән беріледі. Жалпы, алдағы кезеңде орталықтың жұмысы халық пен билік арасындағы сенімді арттыруға, қоғамдық пікірді ескеруге және өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталады.
Сонымен қатар облысымызда 38 Аналар кеңесі жүйелі әрі мазмұнды жұмыс жүргізіп келеді. Кеңестердің негізгі қызметі – отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамдағы тәрбиелік бағыттағы бастамаларды қолдау.
Бүгінде республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында өңірдегі аналар кеңінен қамтылып, отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Анаммен бірге кітап оқимын», «Ана көрген», «Анамның әні» сияқты жобалар табысты жүзеге асырылуда. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы негізінде «Балам, заңнан аттама» жобасы, ал «Салауатты сана» бағыты аясында «Барыңды бағала» атты вандализмге қарсы бастама қолға алынған.
Мемлекет басшысы берген тапсырмаларға сәйкес, жастар арасындағы лудомания, есірткіге тәуелділік, буллинг, вандализм және ысырапшылдықтың алдын алу мақсатымен «Салауатты сана» жобасы білім беру және денсаулық сақтау салаларымен тығыз байланыста іске асырылуда. Аналар кеңесінің қызметі халықаралық деңгейде де көрініс табуда. Атап айтқанда, өткен жылдың қараша айында Қазақстан халықтары ассамблеясы Аналар кеңесінің делегациясы Анкара қаласында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы алаңында өткен «Аналар: дәстүр және заманауилық» атты халықаралық «дөңгелек үстел» отырысына қатысып, «Түркі әлемінің аналары» ұйымын құру бастамасын қолдады. Аталған бастаманың жалғасы ретінде күні кеше Тараз қаласында осы халықаралық ұйымның құрылтай құжаттарына қол қою мақсатымен арнайы форум бастауын алды.
Қазақ халқы қашанда «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп ынтымақты жоғары қойған. Бүгінгі таңда сол ата-баба аманаты тәуелсіз еліміздің басты ұстанымына айналды. Ел Президенті де әрдайым қоғамдық келісім мен татулықтың маңызын айрықша атап өтеді. Өйткені ел ішіндегі бейбітшілік – кез келген дамудың алтын діңгегі.
Біз – ортақ тарихы, тілі мен мәдениеті бар біртұтас халықпыз. Сондықтан да татулық пен өзара түсіністік арқылы ғана биік мақсаттарға жетіп, болашағы кемел мемлекет құра аламыз. Этносаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау – еліміздің өркендеуінің берік негізі. Сол себепті «Қоғамдық келісім» КММ алдағы уақытта да бейбітшілік пен келісімді нығайту жолында ауқымды істерді жүзеге асыра бермек.