Қалалық қоғамдық-саяси газет

2019: Еселі еңбектің есебі

0 191

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевтың тұрғындар алдындағы есебі жаңа форматта өтті.

Саяжайларға көңіл бөліну керек

Қ.Тұрысов атындағы №53 орта мектепте қала әкімі Айтқазы Қарабалаев №1 аймақтың тұрғындарымен кездесіп, есеп берді.

Жиынға қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алдияр Түсіпов пен кеңес мүшелері, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Қаржаубай Бекболатов және аймақтан сайланған облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттары, қала әкімдігіне қарасты барлық бөлім басшылары мен тұрғындар қатысты. Алдымен шаһар басшысы жыл бойына атқарылған жұмыстармен таныстырды.

– Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеттемелерін орындау мақсатында бірінші кезекке біз Тараз қаласын халыққа жайлы, заманауи технологиялар енгізілген қауіпсіз де ыңғайлы ортаға айналдыру міндетін қойдық. Жалпы жылдың қорытындысы бойынша Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты динамика қалыптасты, ол туралы өзімнің баяндамамда толығырақ тоқталуға рұқсат етіңіздер. Экономика саласының негізгі көрсеткіштерінің бірі өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылы 275 млрд 280,2 млн теңгені немесе нақты көлем индексі 103,1 пайызды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 35 млрд 57,1 млн теңгеге артық өнім өндірілген. 2015-2019 жылдары индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында, яғни индустрияландырудың екінші кезеңінде 20 млрд 124,5 млн теңгеге 10 жоба жүзеге асырылып, 360 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал 2020-2021 жылдары жалпы құны 22 млрд 600,0 млн теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланып, 519 жаңа жұмыс орнының ашылуы көзделуде. Есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 76 млрд 523,1 млн теңгені немесе нақты көлем индексі 105,6 пайызды құрады. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,3 млрд теңгеге өсіп отыр, – деген шаһар басшысы өзге саладағы жетістіктерге де тоқталды.

Жиында белгілі болғандай, Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында жоғары тұрған бюджеттерден 9 млрд 996,5 млн теңге қарастырылып, бұл қаржыға бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылған. Оның ішінде «Барысхан» алқабын электрмен қамтамасыз ету жобасы, «Арай» көпқабатты тұрғын алқабының жолдары мен тротуарлары, сыртқы жарықтандыру, арық желілерінің құрылысы, тұрғын үй алаңшаларын абаттандыру жұмыстары және 4-ші «Тараз энерго орталығынан» басталатын М-2-ші және М-4-ші жылу магистральдарының қайта жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталған.

Есеп беру барысында барлық сала бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі экран арқылы да көпшілікке таныстырылды. Жұмыстар таныстырылып болған соң, тұрғындар микрофонға жақындап, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Жарыссөзге шыққандардың алғашқысы қала тұрғыны Жұлдызай Жапаева болды. Ол №2 мөлтек аудандағы бірқатар мәселелерді көтеріп, ПИК жұмысына қатысты бірнеше сауал жолдады. Бұл орайда, шаһар басшысы тұрғын айтқан мәселелерді қағазға түсіріп, жеке қабылдауына келуді сұранды. Ал «Байланыс» ПИК төрағасы Рано Кенжеханова Рысбек батыр көшесіндегі №4, 6, 9 үйлердің шатыры ауысқанымен, толық жөндеу жұмыстары аяқталмағанын айтты. Сондай-ақ ол Рахимов көшесіндегі жатақханаларда жылу қысымының төмендігіне шағымданды. Бұл орайда, қала әкімі жауапты сала маманын ортаға шығарып, мәселені шешуді жіті тапсырды. Сондай-ақ қала тұрғыны Ақерке Бозбалаева пәтер кезегі 2006 жылдан бері жылжымайтындығын, сол жылы 4944-ші болып тұрған ол биыл тек 4052-ші болғандығына наразы екендігін және жер кезегі де жылжымайтындығын жеткізді. Бұл сауалға Айтқазы Дәулетқұлұлы:

– Қазіргі таңда жер телімдері қала бойынша жоқ. Жер беруді доғардық. Өйткені мемлекет тарапынан сатып алатын жерге қыруар қаржы керек. Оның үстіне қалада бос жерлер жоқ. Ал үй кезегіне келер болсақ, бүгінде қала бойынша 19083 адам кезекте тұр. Оның ішінде 1921-і көпбалалы аналар болса, 9902-сі әлеуметтік осал топ иелері, сондай-ақ жетімдер мен мемлекеттік ұйым жетекшілері бар. Жалпы сіз жер қатынастары бөлімі мен тұрғын үй инспекциясына жолығып, мемлекеттік бағдарламаларды көріңіз. Бүгінде «Бақытты отбасы», «7-20-25» сынды тиімді бағдарламалар арқылы тұрғын үйге қол жеткізіп жатқандар көп, – деп тұрғынға жол көрсетті.

Жарыссөзге шыққан зейнеткер, қала тұрғыны Пернебек Сырғалиев болса шаһар басшысының есебіне қанағаттанарлық деген баға беріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Ал қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің тілшісі Арайлым Шабденова газеттің «Instagram» әлеуметтік желісінде жүргізілген тікелей эфирден түскен сауалдарды шаһар басшысына жолдады.

Биылғы есептік кездесудің ерекшелігі қала әкімі Айтқазы Қарабалаев барлық бөлім басшылары мен жауапты сала мамандарын тұрғындар танысын, білсін деген мақсатта халыққа қарама-қарсы отырғызып, халық алдында олардың жауапкершілігі мол екендігін жеткізді.

Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы: «Қаланың келбеті күннен-күнге адам танымастай өзгеріп келеді. Атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес, нәтижесі де көз алдарыңызда. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табатыны сөзсіз. Бірақ біздер шалғай елді мекендер мен саяжайлардың жағдайын ұмыт қалдырмауымыз керек. Қалаға қосылған барлық саяжайлардың мәселелері назардан тыс қалмайды. Сондықтан барлығымыз жұмыла жұмыс істеп, бір жеңнен қол шығаруымыз керек», – деді.

Көптің тілегі тыңдаусыз қалмайды

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевтың халық алдындағы есепті кездесуі №2 аумақтық округтегі Шона Смаханұлы атындағы №44 орта мектеп қабырғасында жалғасын тапты.

Былтырғы жылы шаһардағы атқарылған ауқымды істердің салмағы сарапталып, тындырылған тірліктің нәтижесі жан-жақты баяндалған дәстүрлі жиынға қала әкімдігіне қарасты барлық бөлімдердің басшылары, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен мүшелері, осы округтен сайланған облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, көше, квартал комитеттері мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары, аумақ тұрғындары қатысты. Жыл ішіндегі қаланың тыныс-тіршілігіне, қол жеткізген межелерге тоқталған шаһар басшысы кей саладағы кемшіліктер бойынша жүргізілген жұмыстар туралы да баяндады.

– Өткен жылы Тараз қаласы халқының табиғи өсімі 7431 адамды құрады немесе 9161 нәресте дүниеге келді. Қайтыс болғандар саны – 1730 адам. Есепті кезеңге халық саны 357 827 адамды құрайды. Өткен жылы 1 ана өлімі тіркеліп, 2018 жылдың деңгейінде қалыптасып отыр. Нәресте өлімі 74 оқиғаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 37 пайызға өсіп отыр. Шаһардағы ақ халаттылар осы мәселеге назар аударуы тиіс. Өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуы медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартатын болады, – деді әкім баяндамасында.

Шаһарда білім саласы бойынша атқарылған жұмыстар оң нәтижесін беруде. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда оқушылар саны 3016 балаға өскен. Ұлттық тестілеу қорытындысы бойынша орта бал 99,05-ті құрап, өткен жылғы көрсеткіштен 14,75 балға артты. Өткен жылы қалалық бюджеттен 146,9 млн теңге қаржы қарастырылып, №18 балабақша күрделі жөндеуден өтті. Мектептердің материалдық-техникалық жағдайын нығайту мақсатында 2019 жылы 10 мектепке робототехника кабинетін алуға 87,8 миллион теңге, 4 IT-кабинетін алуға 39,8 миллион теңге және 3 лингафондық кабинетке 17 миллион теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде мектептердегі модификациялы сыныптардың саны 116 бірлікке жеткен. Қазіргі таңда қалада апатты және үш ауысымды мектептер жоқ, дегенмен кейбір мектептерде орын тапшылығы туындаған.

– №1 лицейдің қуаттылығы 1140 орын болса, нақты 1688 оқушы білім алуда. «Шалғай Қарасу» алқабының оқушылары №17, 21, 29, 52 мектептерге қатынап оқыса, «Казарма» алқабының бастауыш сыныптары «Шөлдала» алқабында орналасқан №59 мектепке, ал жоғары сыныптағы оқушылар №19, 55 мектептерге қатынап оқуда. Ағымдағы жылы №1 лицейге 300 орынға арналған жапсарлас ғимараттың және «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабында 600 орынға арналған мектептің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар кейбір мектептерде басқа да күрделі мәселелері шешуді қажет етеді. Олар: №7 және 22 мектептерге 300 орынға арналған жапсарлас ғимараттардың құрылысы, «Казарма» алқабында 180 орынды мектептің, «Барысхан» тұрғын алқабында 600 орынды мектеп құрылысының сметалық құжаттамалары әзірленуде, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Баяндама соңында қала әкімі Мемлекет басшысының саясатын ел мүддесіне сай жүзеге асырып, алдағы уақытта да алға қойған жоспарларды еңсеру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Барлық сала бойынша жеткен межелер мен атқарылған жұмыстар көпшілік назарына слайд арқылы ұсынылды. Шаһар басшысының есебін тапжылмай тыңдаған округ тұрғындары өз аумақтарына қатысты бірнеше мәселе бойынша сауалдарын қойды. Ең әуелі Оразбек Өскембаев есімді тұрғын өзі тұратын маңайдағы көпшіліктің тілегін жеткізді.

– Біздің «Хамукат» алқабын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі көптен бері күн тәртібінен түспей келеді. Жолдарымыздың жағдайы нашар болғандықтан, қоғамдық көліктер бұл аумақпен жүруді доғарды. Сол себепті ең болмаса тас жол салып беруіңізді сұраймын. Сондай-ақ кейбір бұрылыстарда белгілер жоқ. Аумақта жол апаттарын болдырмау үшін жаяу жүргіншілер жолын салу қажеттілігі туындап отыр. Тағы бір маңызды мәселе, жақында «Хамукат» алқабында жеке меншік балабақша ашылған болатын. Ішінде барлық жағдай жасалған. Алайда балаларын бұл балабақшаға әкелуге көбінің қалталары көтере бермейді. Осы жайттарға назар аударсаңыз, – деді Оразбек Өскембаев.
Тұрғынның бұл сауалына шаһар басшысы: «Ауыз су мәселесін өздеріңізбен кездескен кезде реттейтінімізді хабарлағанбыз. Алдағы уақытта шешімін табады. Ал жол мәселесіне келетін болсақ, өздеріңіз білетіндей, 15-ші ықшам ауданда қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан үйлерге кезекте тұрған жерлестеріңіз кіреді. Бұл жолдармен 20-40 тонналық жүк көліктері қатынайды. Сол себепті қазір асфальт жол салып беремін деп уәде бере алмаймын. Ертеңгі күнімізді ойлауымыз керек. Сәл сабыр етсек, жыл соңында 15-ші ықшам ауданның құрылысы аяқталады. Сол кезде міндетті түрде асфальт төселеді. Қоғамдық көлікті жүргізу үшін тас төсеп беруге дайынмын. Ал жаяу жүргіншілер жолы мен балабақша мәселесін осы салаға жауапты мамандарға жүктеймін. Міндетті түрде нақты жауап беретін болады», – деп жауап берді.

Асимов көшесі, №95 үйдің тұрғыны Баймахан Дәрібаев №44 орта мектептің аумағына футбол алаңшасын салып беруді сұрады. Сонымен қатар мектеп айналасындағы ағаштарды суаратын судың жоқтығын жеткізіп, соңғы уақытта талдардың қурап, азайып кеткенін айтып мұңын шақты. Сауалға жауап берген Айтқазы Қарабалаев көпшілік алдында футбол алаңшасына көп қаражат кетпейтінін айтып, тұрғын өтінішін орындауды қалалық білім бөліміне тапсырды. Ал депутат Нариман Мәуленов 500 түп тал отырғызу мен су мәселесін демеушілік негізінде өз мойнына алып, көпшіліктің ризашылығын алды. Қала әкіміне жолданған сауалдардың дені жол белгілері мен жаяу жүргіншілер жолағы, қоғамдық көлік мәселесі төңірегінде болды. Айтқазы Дәулетқұлұлы кездесу барысында әр сұраққа тиянақты жауап беріп, тұрғындар алдында жауапты сала мамандарына тапсырма берді. Орындалуы қадағаланатынын да баса айтты.

– Бұл аумақтағы қордаланған мәселелердің барлығы маған өте таныс. Әрбір жайтты жан-жақты зерделеп, шешу жолдарын қарастырып жүргеніме өздеріңіз куәсіздер. Осыдан аздаған уақыт бұрын сіздермен арнайы келіп тілдесіп, ойларыңызды, өтініштеріңізді тыңдап кеттім. Қалада жүріп жатқан құрылысқа байланысты кейбір жайттарға түсіністікпен қарайтындарыңызға сенемін. Сіз болып, біз болып елдің мұң-мұқтажын ескеріп, тұрғындардың тілегін жерге қалдырмауға атсалысып жатырмыз. Мен бұл қаланың мәселелерін 99 пайызға білемін. Қазір қала аумағына жаңадан енген Шөлдала, Көлтоған, Шалғай Қарасу сынды саяжайлық аумақтардың мәселелерін зерделеуге кірістім. Ол жақта өзіміздің қандастарымыз, тіпті құжаты жоқ азаматтарымыз тұрып жатыр. Бұл – барлығымыз үшін ортақ мәселе. Біз әрі қарай да осы қарқында жұмыла іс қылып, шаһардың шырайын кіргізуді мақсат еттік, – деді әкім қорытынды сөзінде.

Барлық еңбек – ел мүддесі үшін

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевтың 2019 жылдың қорытындысы бойынша №3 аумақтық округінде қала тұрғындары алдындағы кезекті есеп беру кездесуі өтті.

Атқарылған жұмыстарды, алдағы міндеттер мен негізгі бағыттарды айқындауға арналған кездесуді қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев ашып, жүргізді.

Өнеркәсіп пен экономика ілгерілеп, инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы бағдарламасы Тараздың күн санап көркеюіне, түрленуіне себеп болып отыр. Шаһар басшысы қала тұрғындарынан келіп түсетін өтініштердің басым бөлігі қаладағы саяжайлар мен тұрғын алқаптарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері болып табылатындығын айтты. Сондай-ақ 2019 жылы «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабын, «Тектұрмас», «Қарасай», «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Шаңырақ», «Казарма», «Жиделі» алқаптары, «Құмшағал» станциясы және осы алқаптарға жапсарлас орналасқан 28 саяжайды электрмен, газбен және сумен қамтамасыз ету бойынша сметалық құжаттамалары әзірленіп, қаржыландыру үшін 2020-2021 жылдарға ұсынылатын болды. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы «Родничок», «Ақжол», «Қайнар» және «Мичуринец» алқаптарын ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша сметалық құжаттамалары әзірленіп, 2020-2022 жылдары құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылатындығы тілге тиек етілді.

– Бүгінгі таңда 80 пәтерлі 23 тұрғын үй және 60 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар өткен жылдан өтпелі 80 пәтерлі 12 үй және 60 пәтерлі 8 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы 80 пәтерлі 1 және 45 пәтерлі 9 арендалық тұрғын үйлердің құрылысы республикалық бюджеттен қолдау тапса, қосымша 24 тұрғын үйдің құрылысын қаржыландыру үшін жоғары тұрған бюджеттерге өтінім ұсынылды. 2020 жылдың атқарылар жұмысы бұдан да ауқымды болмақ. Мемлекет басшысының халықтың кіріс пен тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі қойып отырған міндетін тиімді орындау әкімдіктің атқарған қызметінің басты өлшемі болмақ, – деді қала әкімі.

– Қала тұрғындарымен тығыз байланыста, тіл табысып, осы аз уақыт ішінде қаланың көркеюіне атсалысып келесіз. Сіздің еңбекқорлығыңыз, тұрғындарға деген қамқорлығыңыз, іскерлігіңіз көңілімізден шығады, – деп осы аймақтың тұрғыны Үсенбек Маханов қала әкіміне алғысын білдірді. Ал одан кейін сөз алған Қуандық Бақтыбаев та өз пікірін ортаға салды.

– Барлық мәселені әкімге арта беруге болмайды. Қаланың көркеюіне, тұрғындардың қажеттілігін өтеуде, тазалық сақтауда, барлық нәрседе жұмыла істеген жүк қана жеңіл болмақ. «Магнум» супермаркетінен таксопарктің артына дейін осы маңның тұрғындары жаяу барамыз. Себебі бұл аймаққа қоғамдық көлік тоқтамайды. Сол үшін Байтасов көшесі мен Асқаров көшесінің маңынан аялдама жасап берсе деген ұсынысымды айтқым келеді, – деді Ғазиз Байтасов көшесінің тұрғыны Қуандық Бақтыбаев.

Сондай-ақ жиын барысында қолжетімді тұрғын үй, жұмыспен қамту, сапалы білім беру және денсаулық сақтау, таза экология, жақсы жолдар мен қауіпсіздікті қолға алу ең игілікті істің бірі екені айтылды. Мемлекет басшысының саясатын ел мүддесіне сай жүзеге асырып, алдағы уақытта да жоспарларды еңсеру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылатынын жеткізді қала әкімі.

Алқапта алаңдайтын мәселе көп

Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың тұрғындар алдындағы есепті кездесуі №4 аумақтық округінде жалғасты. «Барысхан», «Тектұрмас», «Қарасай», «Қант кенті» алқаптарының мәселелері зерделенген жиынды қалалық мәслихат хатшысы Батырбек Құлекеев ашып, жүргізді.

Облыс орталығының басшысы алдымен халық алдында өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндап, түрлі салалардағы жетістіктермен бөлісті. Сондай-ақ білім, денсаулық, тұрғын үй, экономика салаларындағы атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды. Шаһардың алдағы жылдарға қойған межелері мен жаңадан басталатын құрылыс нысандары жөнінде де түсінік беріп өтті. Баяндамадан соң бұқараның көкейінде жүрген мәселелерді мұқият тыңдап, әр тұрғынның сауалы бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.

Есепті кездесуге қатысқан тұрғындардың дені ауыз су, жол, мектеп мәселесі мен автобус бағыттарына өзгерістер енгізу керектігін баса айтты. «Барысхан», «Қант кенті», «Тектұрмас», «Қарасай» алқаптарының тұрғындарын қоғамдық көліктердің аздығы алаңдатып отыр. Яғни автобустар арасындағы уақыт кестесі тым ұзақ. Оқушылар мен қариялар үшін, әсіресе, қыстың күндері қиын. Осы округтің тұрғыны Яқия Усинов алқапта оқушылар үшін қала мектептеріне қатынау қиындық туғызып отырғанын айтып, шаһар басшысына мектеп құрылысы жөнінде сауал қойды. Тұрғын сауалына қала әкімі: «Өкінішке орай, «Қарасай» алқабына мектеп жақын арада салынбайды. Дегенмен бұл мәселені осы алқаптың тұрғындары үш жылдан бері көтеріп жүргенінен хабардармын. Міндетті түрде алдағы жылдың жоспарына енгізуге күш саламын. Ал «Барысхан» алқабына мектеп салуға алғашқы қадам жасалынды. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр», – деп жауап берді.

Сонымен қатар көпшіліктің мектепке қатынауға арнайы автобус сұраған өтінішін Айтқазы Қарабалаев дер кезінде назарға алып, тиісті сала басшыларына тапсырма берді. Тұрғындардың асфальт төсеу жөніндегі өтінішіне қала әкімі: «Барысхан» алқабына жол жүргізу мәселесін жақын арада шеше алмаймыз. Бірінші ауыз су құбырын толық жүргізіп болған соң ғана жол салуға кірісе аламыз», – деді.

Қала әкімі есеп бере келген бұл аумақтың тағы бір өткір мәселесі бар. Талас өзенінің қарсы бетіндегі үйлерде тұратын азаматтар жақын маңдағы көпірмен өту қауіпті екенін айтады.

– Біз «Тектұрмас» елді мекеніндегі Горный көшесі 44-ші үйдің тұрғынымыз. Біздің үй мен қаланың арасын Талас өзені бөліп тұрады. Мұнда 132 шаңырақтан 68 бала мектепке қатынайды. Олар №22 және №27 мектепке жету үшін 3 шақырым жолды еңсеруге мәжбүр. Кешкі уақытта сабақтан қайтқан балаларға бұл өте қолайсыз. Балаларымыздың қауіпсіздігі үшін алаңдаймыз, – деп сауалын айтты қала тұрғыны Иван Чащухин.

Осы орайда, аталмыш округтен сайланған қалалық мәслихаттың депутаты Нариман Мәуленов тұрғын сауалына құлақ түріп: «Қарасай» алқабына депутат болып сайланған соң тегіс емес 7 көшенің шұңқыр жолдарын қалпына келтірдім. Осы ретте Иван мырза айтып отырған көпірдің астын тазартып, жаяу жүргіншіге қолайлы жағдай жасап беруге мүмкіндігім бар», – деді. Көпшілік халық қалаулысының қолдауына ризашылық білдірді.

Сөз соңында шаһар басшысы кездесуде айтылған әрбір мәселе жерде қалмайтынын айтып, алқап тұрғындарын елдік мәселелерден шет қалмауға шақырды.

Арайлым Шабденова, Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ, Сәндібек ПІРЕНОВ, суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.