Қалалық қоғамдық-саяси газет

2 522 пәтерлі 50 тұрғын үй бой көтеруде

0 137

Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтуде. Брифингте шаһар басшысы қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарының барысымен таныстырды.

Қазіргі уақытта облыс орталығында 22 мыңнан аса азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркелген. Аталған мәселені шешу үшін 2023 жылы 3 279 пәтерлі 62 үйдің құрылысы жүргізіліп, 12 үй пайдалануға берілген. Нәтижесінде 754 отбасы баспаналы болды.

– Бүгінгі күні Тараз қаласында облыс әкімінің тапсырмасымен 2 522 пәтерлі 50 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін барлығының құрылысын аяқтау көзделуде. Оның ішінде 34 тұрғын үй №15 шағынауданында, 16 тұрғын үй А.Асқаров көшесінің соңындағы алқапта орналасқан. Бұған қоса «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде ағымдағы жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 669 пәтер сатып алынады. Оның ішінде 162 пәтерге республикалық бюджет есебінен 2,2 млрд теңге, 507 пәтерге «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ есебінен 7,7 млрд теңге қаралды. Бүгінгі таңда сатып алуға жоспарланған пәтерлердің құрылысы басталған. Жыл соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде. Бұған қоса, №14 ықшамауданда 22 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына 5,2 млрд теңге қаржы бөлініп, конкурсқа берілді. Ал А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапқа қосымша 66 тұрғын үй құрылысына жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде, – деді Б. Орынбеков.

Тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алуға арнайы кезекте 2005-2024 жылдар аралығында 127 554 азамат тіркелген. Былтыр «Құмшағал», «Қарасу» алқаптарынан 1 497 жер учаскелері берілсе, қазіргі уақытта жеке тұрғын үй құрылысына жер кезегінде тұрған азаматтарға жер учаскесін беру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.