Қалалық қоғамдық-саяси газет

«19 жасымда алдап алып қашып кетті, жәрдемақы үшін 7 бала тап деп бұйырды»: Көп балалы ана 21 жыл бойы күйеуінен қорлық көрген

0 2  802

19 жасында алып қашып, 21 жыл бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген 7 баланың анасы Stan.kz тілшісіне мұңын шақты. Кейіпкеріміз 7 баласымен Шымкенттің Қазығұрт ауданынан Алматыға келуге мәжбүр болған. Осынша жыл бойы қысым көріп, үй қамағынан шықпаған ана өз басынан өткендерін өксікпен еске алды,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Алып қашу мен ұят боладының құрбаны болған  әйел көрген бейнетінің кесірі денсаулығына да тигенін жасырмады. Өзінің атын жарияламауды өтінген кейіпкеріміз барлығының неден басталғанын айтып берді.

«Ол кезде мен 19-да болдым. Тұрмыс құру туралы мүлде ойламағанмын да. Мектеп бітіргеннен соң оқимын деген үлкен арманым болды. Әкем де мені қолдады. Алайда жағдайға байланысты Қазығұрттағы колледжде оқып, дипломымды алдым. Бір жылдан соң әкем маған кішкене шыдасам, құжаттарымды реттеп алып, оқуды әлі жалғастыратынымды, Шымкентке, басқа қалаларға барып жоғарғы білім алатынымды айтып қуантты. Бала кезімде екпе салуды армандайтынмын. Дәрігер болсам деуші едім. Әкем оқытамын деген соң қуанып, құлшыныспен дайындалып жүрдім. Алайда бір күні анам маған қыз балаға оқығанымен, болашақта жұбайының жұмыс жасатып, маман етуі екіталай екенін айтты. Мен бұған мүлде қарсы болдым. Дегенмен анам тұрмыс құрған соң мамандықтың керек болмайтынын айтып қоймады. Әкем болса «жарайды, жарайды» дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ. Бірақ мен іштей әкемнің қолдауын сезетінмін!» – дейді кейіпкер жастық шағында арман-мақсатының көп болғанын айтып.

Білім аламын, болашағым жарқын болады деп жүрген арудың өмірі бұлайша өзгеретінін өзі де ойламаған болуы керек.

«Әкемнің жұмыстасы мені көріп қалып, сырттай ұнатып, ұлын үйлендіру үшін құда түспек болған екен. Бірақ әкем мені оларға бермейтінін айтып қарсылық танытқан. Сонда да олар өз араларында келісіп, ақырында алып қашты. Менің о бастан қалғым келмеді. Кетемін деген кезде олар «отбасың келісім берді, енді қайда барасың?» деп алдады. “Күлкі боласың, ұятқа қаласың” деп мені тоқтатты. Қанша кеткім келгенімен, кете алмадым. Әкем де әкеткісі келген екен, алайда оны да алдап қойыпты. Ақыры сол үйдегі азапқа толы күндерімнің басы осылай басталды”, – дейді келіншек.

Кейіпкеріміз өзі қиналғанда араша түсіп, қорғайтын тірі жанның болмағанын айтады.

«Жұбайымның анасы бізбен тұрды. Не істеп қойғанымды білмеймін. Бірақ әр кез күйеуіме “сыртқа шығарма, анда-мында жүргізбе, жұмыс істемесін” деп айтып мені үйден аттап бастырмайтын. Тіпті көрші үйге жібермейтін. Өздері де жұмыссыз болды. Тек малмен, бау-бақшамен айналысатын. Қатты қиналсам да, төздім, шыдадым. Кейін мені «сорлысың, албастысың» деп қаралап, жаман сөздермен балағаттауды шығарды, соңы қол көтерумен аяқталатын. Уақыт өткен сайын оның істейтін қорлығы өрши түсті. Кейіннен күйеуім көп бала дүниеге әкел, сонда үкіметтен ақша аламыз деп айтты. Сөйтіп жүріп, 7 баланы дүниеге әкелдім. Жүкті кезімде де аямай ұрып-соғатын. Кейін балалардың ақшасының бір тиынын да бермей өзі құртып келетін. Сол ақшаға білгенін жасап жүре берді. 21 жыл бойы осылай өмір сүрдім! Күйеуім маған, балаларға қол көтеріп жатқан кезде оның анасы арашалаудың орынына ұлының ісіне мәз болып қарап тұратын. Керісінше, оған үнемі «дұрыс істедің, бұларды құрту керек, бұлар бізге керек емес, айуандар!” деп айтып одан сайын отқа май құятын», – дейді көп балалы ана.

Қанша қиналса да, балалары үшін төзіп, шыдауға тырысқан ананың келін болып түскен шаңырағында қолдаушысы болмаған. Ата-анаға көрген қорлығын білдіртпеуге тырысып, іштегі шерін сіңілісіне ғана айта алған.

«Ата-анам мені көреміз деп келген кезде олар мұңаймасыншы деп ештеңе айта алмаушы едім. Бірақ іштей солармен бірге ілесіп кеткім келіп тұратын. Жалғыз қолдаушым да, сырымды ашарым да сіңілім болды. Төзбестей қиналғанда бар мұңымды соған айтып төгіліп аламын. Бірақ “ешкімге айтпа, бауырым, тек саған айтамын” десем де, ол ініме жеткізіп жүріпті”, – дейді келіншек.

Әкесі көзі тірі кезінде қызының қорлық көріп жүргенін біліп қойып, үйіне алып кеткен. Ол кезде кейіпкеріміздің бір ұлы бар екен және екіншісіне жүкті болған. Күйеуі енді қайталамаймын деп келе берген соң қыздың анасы қайын жұртына қайта жіберген. Қайталанбайды дегені бос сөз болған.

«Мен үшін ең қиын шақ әкем өмірден озғаннан кейін басталды. Онсыз да қорланып жүрген менің қорғансыздығымды одан бетер пайдаланып, жиі таяқтың астына алушы еді. Барлығын сезіп жүрген сіңілім алып кетем, жүрші кетейікші десе де, әкемнің қазасынан кейін анамның жүрегін одан сайын ауырта алмадым. Шыдайын деп үндемей қорланған өмірімді сүріп жүре бердім», –дейді кейіпкеріміз

Жарын жұбайым деп, туған балаларын өмірімнің жалғасы деп көрмейтін қатыгез ұялмай өз енесінен екінші әйел алуға рұқсат сұраған.

“Сорым да сол шығар, бәріне үндемей төзіп, 21 жыл жүріппін. Бірақ шыдамның да шегі болады екен. Күйеуім сол күні арақ ішіп келіп балаларға тиісті, мені ұрды, ойына келгенін істеді. Енем соны мәз болып тамашалады. Кейін “кетіңдер, керек емессіңдер” деп шу шығарды. Мен шыдай алмай түн жарымында бауырыма хабарластым, келініме, сіңіліме – бәріне қоңырау шалдым. Олар ұйықтап жатып естімеген. Сөйтіп таң ата сыртқа шықтым. Кейін хабарымды естіп, анам отбасыммен келді. Жексұрын күйеуім тағы  айқай шығарып, тіпті анамды итеріп жіберді. Сәл болғанда құлап кете жаздаған анама бірдеңе болғанда мен оны кешпес едім. Тіпті түрмеге мәңгіге қамалса да риза болушы едім. Олардың да төзімдері таусылғандай маған алып кетеміз деді. Қорқып қалған балаларым сол бойда көлікке барып мініп алыпты. Солай өмірімді тозаққа айналдырған жерден кеттім”, – дейді әйел.

Үйіне келген соң төсек тартып қалған ол басында масыл болмайын деп ауырып жүргенін барынша жасыруға тырысқан. Кейін оның жағдайын көрген сіңілісі мен келіні ауруханаға апарып тексерістен өткізген. Қатты алған соққының әсерінен көп балалы ананың бір бүйрегіне қан жиналып, кистаға айналған. Дәрігерлер бүйрек ауыстыру отасын жасауды ұсынғанымен, бір жарым жастағы кенжесін емізетін кейіпкеріміз қарсылық танытқан.

“Бауырларым  бүйрегімізді береміз, ота жасатайық дейді, бірақ Алла жаратқан мүшеңе басқанікі бәрібір бөтен болары сөзсіз. Оның үстіне менің кесірімнен бауырларымның да денсаулығының құртылғанын қаламадым, барынша ем қабылдауға тырысамын”, – дейді кейіпкеріміз.

Осыншама соққы мен анасының аянышты қалын көріп өскен балаларының бірінің қорқыныш салдарынан тілі тұтықса, енді бірінің басына зақым келген.

Қазіргі таңда көп балалы ана Алматы қаласында жатақхананың бір бөлмесін жалдап күнелтіп жатыр. 21 жыл бойы ешқайда шықпай жәбір көрген ол қазір жалғыз жүріп айналаны көруге, өзге адамдармен араласуға қатты қорқады. Екі үлкен ұлы қара жұмыс істеп көмектеседі,  ортаншылары мектепке барса, өзі жұмыссыз, кенжесіне қарап үйде отыр. Қай кезде де көмек қолын созған сіңілісіне кейіпкеріміз алғысын білдірді.

Сұхбаттың толық нұсқасын YouTube арнамыздан тамашалай аласыздар:

Сұхбатты дайындағандар: Гүлсезім Мұхатай, Нұрсұлтан Нұрманбек
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.