Қарапайым қала тұрғындары күнделікті тұтынатын азық-түліктің дені – ауыл шаруашылық өнімдері. Қант пен күнбағыс майы, нан, күріш пен жүгері – барлығы дерлік күндіз-түні даланың долы мінезіне дес беріп, бауын баптап, топырақтан күнге ұмтылған дақылын аң-құстан қорыған агроном еңбегінің көл-көсір жемісі.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Суреттерді түсірген Виктор БАРБАШ

Таразда аталмыш сала мамандарының басын қосқан «Деградацияға ұшыраған топырақтарда жүгеріні өсіру технологиясы» тақырыбында Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Бесағаш» тәжірибелік өндірістік учаскесінде жыл сайынғы дәстүрлі «Танап күні» шарасы өтті. Жамбыл облысы әкімдігі, «Қазфосфат» ЖШС, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, «ҚазАзот» АҚ бірлесе ұйымдастырған шараға агроном мамандар, химиктер, өңірдегі минералды тыңайтқыш өндіретін мекемелердің өкілдері қатысып, өзара тәжірибе алмасты.
Озық технологияның көмегімен салада жетістікке жету бүгінгі күннің басты талабы екені айдан анық. Ал адамның өмір сүру қажеттіліктерінің ең басты факторы – азық-түлік сапасы. Құнары топырақтан ғана бой көтерген дәнді дақыл, жеміс-жидек дамыған экономикада сапа жағынан бәсекеге қабілетті бола алады. Аталмыш шарада өнімнің сапалы болуына әсер ететін бірден-бір фактор тыңайтқыштар жөнінде көп мағлұмат айтылды. Әсіресе, деградацияға ұшыраған сілтілі, сортаңды топырақты пайдаға асыру үшін минералды тыңайтқыштарды қолдану технологиясы БАҚ өкілдері мен сала мамандарына кеңінен түсіндірілді.
Дәстүрлі шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев арнайы қатысып, ауыл шаруашылығы саласындағы минералды тыңайтқыштарды пайдалану бойынша атқарылған жұмыстар жайын ортаға салды.
– Қазіргі кезде егістік алқаптарындағы топырақтың құнарлылығы төмен түсіп кеткені белгілі. Ауыл шаруашылық дақылдарынан жоғары сұрыпты өнім алу үшін тыңайтқыштарды қолдану үлкен маңызға ие болып отыр. Сол себепті егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді. Жоспар бойынша 22,4 мың тонна минералды тыңайтқышты ауыл шаруашылығы алқаптарына пайдалану межеленген. 2019 жылы егістік алқаптың 22 пайызын қамту жоспарланып отыр, – деді Мұратхан Жүнісәліұлы.
Танап күнінде агрономдар тыңайтқыш ретінде фосфогипсті пайдаланудың тиімділігіне кеңірек тоқталды. ҚазСШҒЗИ бас директоры Нұрлан Балғабаевтың айтуынша, суармалы жерлердің көлемі 1991 жылы 2,38 миллион гектар жерді құраған, ал бүгінде 1,46 миллион гектарға азайып отыр. Бұған себеп – егістік алқаптарының көп бөлігінің тұздануы. Маман мұндай проблеманы шешудің ең оңтайлы жолы фосфогипсті пайдалану екенін алға тартады.
«Қазфосфат» ЖШС-нің тыңайтқыш өндіруден қалған қалдық – фосфогипсті пайдалану арқылы суармалы жерлердің құнарлылығын арттыру мүмкіндігі мол екендігін айтып, мамандарды құлақтандырып, егістік алқаптарына фосфогипсті ендіру жоспарын жеткізгенімен, бұл жұмыс бүгінде баяу жүргізіліп жатыр. Мәселен, 2019 жылғы 29 шілдедегі мәліметке сәйкес, ауыл шаруашылық құрылымдары тарапынан облыс бойынша 108 411 тонна фосфогипс алуға келісімшарт жасалған болса, іске асырылғаны 35998 тонна, яғни 33,2 пайызды құрап отыр. Бұл жайтқа «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров алаңдаушылық білдірді.
– Біз көктемде ҚазСШҒЗИ басшылығымен өткен кездесу барысында бұл мәселені бірлесе талқылаған болатынбыз. 12 миллион тоннадан астам фосфогипсті пайдалану мәселесі де сол жиында қозғалған болатын. Фосфогипсті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бір тонна үшін бір теңгеден ұсынамыз. Бұл – өте арзан баға. Алайда фермерлер бұл мүмкіншілікті орынды пайдаланып отырған жоқ. Бүгінгі шара осы саланың мамандарына фосфогипсті пайдаланудың нәтижесін таныстыруға арналып отыр. Семинар қатысушыларына 20 гектар жүгері алқабын көрсеттік. Мұнда бір гектарға жеті тонна фосфогипс әкелінді. Бұған қоса, біз топыраққа 4 тонна аммофос қосуға көмектестік. «ҚазАзот» АҚ-ындағы әріптестеріміз аммиак селитрасынан бес тонна бөлді. Алынған нәтижені көріп отырмыз. Фосфогипс өңір алқаптарындағы топырақтың жағдайын жақсартатын тиімді мелиоранттардың бірі екеніне көздеріңіз жетеді деп ойлаймын, – деді Мұқаш Ескендіров.
Ауыл шаруашылығы өндірісінде фосфогипсті пайдалану нәтижелері туралы «Агробиотехновация «ҒӨБ» ЖШҚ директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Анара Сәрсенова баяндады. Бұл кәсіпорын ауыл шарушалығы саласы бойынша жобаны жүзеге асыруға грант ұтып алған тұста Степногорск химия зауытының фосфогипсін пайдалана бастаған. Сол кезде химия зауытында 9 миллион тоннадан астам қалдық жиналған.
– Біз тыңайтқыштарды Қазақстанның солтүстік аймақтарында сортаң топырақта да, қарапайым қара топырақта да табысты қолдандық. 2014 жылы дәнді дақылдар мен картоп бойынша зерттеулер жүргізілді. Негізгі тыңайтқыштармен және басқа да мелиоранттармен бірге фосфогипс дақылдарға және топырақтың жағдайына оң әсер етеді, – дейді Анара Сәрсенова.
Сондай-ақ Танап күні барысында көпшілікке су үнемдеу техникалары таныстырылды. Атап айтқанда, ҚазСШҒЗИ бөлім басшысы Александр Калашников тұқым себудің еспелі әдісін жүзеге асыратын техниканың артықшылығы туралы баяндап берді. Бұл агрегат төрт операцияны қатар орындайды: жерді соқалайды, арықшалар жүргізеді, тұқым шашады және тыңайтқыштарды өсімдіктердің тамыр аймағына дейін жеткізіп себеді. Мұндай әмбебап тұқым себу құрылғысының құны 2,5 миллион теңгені құрайды. Оны сатып ала отырып, фермер тағы үш агрегат үнемдейді. Сонымен қатар агрономдардың назарына кәдімгі смартфон арқылы су деңгейін бақылап отыратын ДУВ – 2/0,005 су деңгейінің датчигі ілікті. ҚазСШҒЗИ мамандарының жүргізген зерттеуі бойынша бұл құрылғы нарықтағы қымбат техникалардың орнын алмастырады. Гидробекеттердегі су деңгейін қалыпты күйде ұстап, үнемдеуге, бақылауға арналған қондырғының басқа баламалардан айырмашылығы егістікті суаруға жіберілетін су мөлшерін алысқа ұзамай-ақ қалтаңыздағы сенсорлы телефон арқылы басқарып, деңгейді топыраққа қажетті мөлшерде өзгертіп отыра аласыз. Шарада өңірдегі өзге де агромекемелер өздері пайдаланатын техника түрлерін кеңінен таныстыруға, жер егіп, дақыл жинаумен айналысатын кәсіпкерлердің қызығушылығын тудыруға мүмкіндік алды. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Берік Нығмашевтің айтуынша, суармалы жерлерді бақылау барысында аталған қондырғының игілігін алдағы жылдары барлық агрономдар бірге көрмек. Қондырғыны сатып алып, ауыл шаруашылығы саласында мақсатты түрде пайдалануға мекеме басшысы мүдделі екенін жеткізді.
Тыңайтқыштардың тиімділігі талқыға түскен жиында ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелер ғана қордаланған жоқ. Фермерлер мен агрономдарға қытай бұршағы егілген соя егістігі таныстырылды. 2019 жылы өңір бойынша 460 гектар қытай бұршағы дақылы егілген. Өкінішке орай, бұл дақыл түрінің көлемі артар емес. Себебі аймақта өңдеу зауыты мүлде жоқ. Сондай-ақ қытай бұршағын өндіруде қолданылатын агротехнологиялық іс-шараларды шаруашылықтар толық игермеген. Десек те, алдағы жылдары Алматы қаласындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірігіп, өңірде түсіндіру жұмыстары жүргізілмек. Шаруалар осы жұмыстар іске асқан тұста бұл дақыл түрін меңгеруге Үкімет тарапынан нақты қолдаулар болатынына сенімді. Өз кезегінде өңірдегі басшылық тарапынан агрономдардың мәселелерін тыңдай келген Мұратхан Шүкеев Үкімет тарапынан бастамаға лайықты көмек көрсетуге әзірліктің бар екенін айтты.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған