рухани жангыру и пром революция каз

Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!

 

 

53 Нағыз қазақ қазақ емес нағыз қазақ домбыра

 

Домбыраның түрлері

Домбыра – сан ғасырлардан бері сырын сақтаған, қазақ даласында кеңінен танылған аспап. Дегенмен әр аймақта әртүрлі болып келеді. Солтүстік, орталық, оңтүстік аймақтарда домбыра көлемі шағын, жеті-тоғыз пернелі болса, Батыс Қазақстан аумағында кездесетін домбыра шанағы жұмыр, мойны ұзын, он екі, он төрт пернелі.
Домбыра мұнша шешен болдың неге,
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе, – деп Қасым Аманжолов жырына қосқандай түн қойнынан, таң шапағына дейін дүйім жұртты домбырасына ұйытқан Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Ықылас, Қорқыт, Дина Нұрпейісова мен Нұрғиса Тілендиевтің өнері ел ішінде ерекше орын алады. Дәл осы сарында қос ішектің үнімен бесігін тербетіп, даласын оятқан біршама домбырашылармен тілдескен едік.
Қуанышы мен мұңын аққу мойын аспабына моншақтай тізіп, жастықтың жалынды күндері мен қазыналы қарттықтың назын да домбыраға ақтарған танымал күйші Әбдімомын Желдібаевтың домбыра жайлы пікірін тыңдаған едік.

 

Жаңғырық

Ерте заманда Алтай өлкесінде ағалы-інілі екі дәу өмір сүріпті. Кіші інісі домбырада ойнағанды өте жақсы көріпті. Және сол сәтте айналасындағының бәрін ұмытады екен. Ал үлкен ағасы менменшіл және атаққұмар болыпты. Бір күні ол атының шыққанын қалап, суық және асау өзен бойынан көпір салуды ойлайды. Тас жинап, көпірді сала бастайды. Ал кіші інісі домбырада ойнап отыра  береді. Күндердің күнінде үлкен ағасы ашуға мініп, домбыраны інісінен жұлып алып, тасқа бір ұрады. Тамаша аспап сынып, әуеннің үні өшеді. Бірақ таста оның ізі қалады. Көп жылдар өтеді. Домбыраның үні ұмыт қалады. Адамдар таста қалған домбыраның ізін тауып алып, сол бойынша жаңа домбыра жасай бастайды. Сөйтіп, көп уақыттан бергі өшіп қалған домбыраның үні қайта  жаңғырған деседі.

 

Домбыра жайлы аңыздар
Мұңлық – Зарлық

Ертеде бiр хан қызының кедей жiгiтпен көңiл жарастырғанын сезiп қалады да жiгiттi дереу дарға астырады. Сүйіктісінен аяғы ауыр болып қалған қыз мезгiлi жетiп босанады. Оны аңдыған мыстан кемпiр егiз баланы көз көрмес, құлақ естiмес, алыс жерге апарып, жап-жасыл үлкен бәйтеректің басына ұлды батысқа, қызды шығысқа қаратып iлiп кетедi. Сәбилердiң көз жасы тамған бәйтерек  жүрегi тоқтаған нәрестелермен бiрге солады. Балалары жайлы қауесетті естіген ана егiзiн iздеп, жолға шығады. Жолдан шаршаған әйел ағаш түбiне демалады. Құлағына күмбiрлеген сарын естiледi. Қайдан шығатын әуен екенiн бiлгiсi келiп ағаш үстiне шыға бергенде бәйтерек сынып кетедi. Ағаш, түбiнен басына дейiн iшi қуыс екенiн көредi. Екi басында бұтақтан-бұтаққа керiлiп қалған iшектердi көредi. Екi iшек самал желмен тербелiп, одан әуен шығады екен. «Егiз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар» деп сол ағаштан аспап жасап алады. Батысқа қараған iшегi бостау, шығысқа қараған iшегi қаттылау керiлген екен. «Астыңғы iшек – жiңiшке дауысты қызым Зарлық, ал, үстiңгi iшек – бос қоңыр дауысты ұлым Мұңлық болсын» деп екi iшекке ат қойып, домбырасын тартып, күй шығарып кеткен екен.

 

Шайтан тиек

Жоғарғы тиектің қалай пайда болғаны жайында да аңыз бар. Жаумен шайқасып, одан соң алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолшыбай демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерде жайғасып отырған соң талдан бір шыбық кесіп алады. Оған жылқының қылын керіп байлайды да, дыбыс шығармақ болып көреді. Бірақ қолдан жасаған тым жұпыны аспаптан ешқандай үн шықпай, тым-тырыс, меңіреу күйінде қала береді. Батыр оны жанына тастай салады да, өзі қисайып жатып ұйықтап кетеді. Ол жанындағы өзі жасаған аспаптан шығып жатқан дауыстан оянады. Аспаптың мойын тұсынан титтей ағаш тиекті көреді, оны әлдебіреу ішектің астынан келтіріп орнатып қойған екен. Батыр: «Е, бұл сайтанның ісі болды ғой»,— деп ойлайды. Бәлкім содан қалған сөз болса керек, халық арасында жоғарғы тиекті «шайтан тиек» деп атайды. Ішекті жылқының қылынан тағу, жоғарғы тиектің болмауы көне аспаптарға тән сипат.

 

53 Нағыз қазақ қазақ емес нағыз қазақ домбыра2

 

Шолпанымды тудырған – домбыра

– Домбыра қазақтың бойына қанымен біткен аспап. Ол бабамыздың үнін жеткізіп, шежіресін шерткен қазақтың көне аспабының бірі де бірегейі. Қазақ домбырасымен сырын айтып, мұңы мен тарихын баяндай білді. Бұл аспаптың қадір-қасиетін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қос ішектің үні анамның, бабамның даусындай естіледі маған. Қуаныш пен қайғыға ортақтасып, екі ішектің әуенімен той тойлап, осы екі ішектің үнімен жауға да шаптық. Бізбен бірге жасасқан, бар болмысын бойына сіңірген аспап бұл. Аңшылықта құландарды қырғидай қырған Жошы ханның баласын құлан теуіп өлтіргенде адам баласы бірауыз үн қатып, қайғысын естірте алмағанда әкеге бала өлімін естірткен домбыра екенін аңыздан білеміз. Осы аңыздан-ақ домбыраның құдірет-қуатының қандай екені белгілі. Жауға шапқан батырдың семсеріндей мықты аспапты қазақ ойлап тапқаны қандай ғажап?! Екі ішектің үнімен «Ерке сылқымды» жаздым. Домбыраның назды әуенімен таңымды атырып, шолпанымды тудырып жүрген адаммын. Болашақ – сендер менің шолпанымсыңдар!

 

53 Нағыз қазақ қазақ емес нағыз қазақ домбыра3

 

Домбыра – жан серігім

Күй ойнайды қазағымның қанында,
Күй ойнайды қазағымның жанында.
Жүрегінің, жүрегінің, жүрегінің дүрсілі –
Күмбірлеген домбырасы барында – деп ақын Шөмішбай Сариев айтқандай, жүрегінен күй төгіліп, тебіренсе домбыраны иітіп, елжіресе домбыраға иілген Аман Малдыбаев та домбыра жайлы өз ойын білдірді.
– Міне, «Домбыра күні» тойланып, қазағымның киелі аспабы кештеу болса да дәріптелгені дәтке қуат, көңілге қуаныш ұялатады. Бала кезімде әкемнің қарындасы патифон тыңдап отыратын. Күй тыңдауға құштар едім. Сол сәттен-ақ күйге деген ғашықтығым оянды. Күйдің санама сіңгені соншалық күйші болсам деп мақсат тұтып, арман еттім. Балаларым да күй өнерін ұғынып өсті. Балаға құрсақта жатқанда күй тыңдату керек. Анасы ұйықтап кеткен күннің өзінде құрсақтағы баланың құлағына күй құйылады. Сол нәрестелер қазақтың күйіне ғашық болып туылатынына сенемін. Мен өз перзенттерімді дәл осылай тәрбиеледім. Расында есейгенде өнерді, күйді сүйетін перзенттер дүниеге келді. Киелі аспаптағы күйді тыңдау кей қазақтар үшін түсініксіз. Тек қана «Балбырауын», «Сарыарқа», «Ерке сылқым» сынды белгілі күйлерді естумен ғана шектелген. Ал қазақтың он мыңнан астам күйі алтын қазына күйінде сақтаулы тұр. Жастар күйді ұғынып, түсініп өсуі үшін күйдің мән-мағынасын балабақша, мектептен бойына сіңіру керек. Сол бала күннен домбыра менің егізімнің сыңарындай – жан серігім.

 

53 Нағыз қазақ қазақ емес нағыз қазақ домбыра4

 

Домбыра мектебі қажет

Ал күй өнерін дәріптеп, үкілі домбыраның құлағында ойнайтын тараздық күйші Ержан Рысметов «Өңірде Домбыра мектебі қажет» дейді.
– Күйшілік өнердің дәріптелуін күшейту керек. Музыкалық мектептер аудандарда болғанымен Тараз қаласында жоқ. Егер қалада мектеп ашылмаса күйшілік өнердің тағдыры қиын болмақ. Мәселен, тойды алсақ күй мүлде ойналмайды. Домбыраға құштарлығым 3-4-сыныптан басталды. Теледидардан дәстүрге бай, рухани азығы мол хабар көріп өстік. Ағам Руслан домбыра шертсе, қызыға қарап, үйренгім келетін. Сөйтіп музыкалық мектепке барып «Балбырауын», «Арынғазы», «Салкүрең», «Кеңес» деген күйлерді тартып үйрене бастадым. Алғашқы рет сахнаға 8-сыныпта шығып, Асылхан Шүңіреков пен Пернебек Оспанов ағаларымның қолдауымен «Алатау» ансамблінің халық аспаптар оркестрінде өнер көрсеттім. Мұхтар Рахманқұлов дирижер еді. Кейін консерваторияға жолдамамен Алматыға барып, Өмірғали Ертуғанов екеуміз консерваторияға түстік. Сонда бізге қолдау білдіріп, жолдама берген кісілерге алғысым шексіз. Әр күйдің өз тарихын домбыраның үнімен жеткізіп, мінезін ашып жеткізу міндетім. «Күйді құлақпен емес, көзбен тыңдайды» деген түсінік бар. Кейде мазмұны терең күй шертсең, «Тез ойнайтын» күй тартшы деп пікір айтатындар бар. Мәселен, қолды алай-бұлай ойнатып күй шертуде емес. Бар мәселе мағыналы күйдің мазмұнын ашуда. Домбыраның қадірін түсініп, қасиетін ұғатын кезең туу үшін Таразда домбыра мектебін ашу қажет.

 

53 Нағыз қазақ қазақ емес нағыз қазақ домбыра 4

Шеберханасыз шебер

Халық ішінде керуен- көшінен қалған мұраны дәріптеп, екі ішектің бірін қатты, бірін кем бұрап, тиегін орнатып, домбырасы мен үмітін қатар үкілеп өнерпаздарға ұсынып жүрген халық аспаптарын жасаушы шебер Нұрхат Есіркеповтің шаңырағына ат басын бұрған едік.
Ақ жаулығына арын түйіп, жан серігінің өнерін қолдап жүрген жары қазақ тілі мен әдебеиеті пәнінің маманы екен. Қос етегі жер сүйіп, оюлы қамзолына ақ жаулығы үйлесе кеткен жары Гүлнәр мен тақиялы шапаны жараса кеткен Нұрхат шебердің үйі қазақтың қаймағы бұзылмаған ақ ордасына айналғаны көрініп тұр. Әке өнерін мұра етіп, ағаштан ою оймаса да әке жасаған домбыраны қолына алған әкелі-балалылар Шәмші әндерін шарықтата шырқап берді. Нұрхат ұстаның шеберханасы – үйінің бір бөлмесі екен. Сан алуан ағаштар мен қобыз, домбыра, дауылпаздан көз тұнады.
– Музыкалық аспаптарға деген сүйіспеншілігімді әкем Болысбек оятқан. Әкем Жамбыл ауданы, Бесжылдық ауылындағы мектепте тарих пәнінен сабақ берген. Өзі домбыра, мандолин, баянда жақсы ойнайтын. Сондай-ақ еңбек пен ән сабағынан дәріс беретін. Әкеме еріп, мектеп шеберханасына жиі баратынмын. Ал аспаптарды әскерден соң, Алматы қаласындағы «Мерей» фабрикасында меңгердім. Тапсырысты көбіне музыкалық мектептер береді. Киелі домбыраның әсем үнін келтіру үшін арнайы ағаштар алып келемін. Әрине құрал-сайман, ағаштармен көмкерілген бір бөлме шеберханама тарлық етеді. Әр шебер өз шеберханасының болғанын аңсайды ғой.
Қадір Мырза-Әлі ақын айтпақшы: «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра,Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – Домбыра!» Ендеше, қасиетті домбыраның үкілі үміті қалықтап, шанағын шаң баспасын!

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

 

 

Добавить комментарий


Защитный код
Обновить

Ақпараттар ағыны

Өңірге Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен келіп, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Алдымен Бақытжан Әбдірұлы «Көкжиек-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. 2007 жылы құрылып, содан бері сүт өнімдерін өндірумен айналысып...
2011 жылдың 12 қарашасында тараздықтардың төбесінен жай түсірген қанды оқиға орын алды. Қаныпезер лаңкес Қариев дүйім жұртты дүр сілкіндіріп,... Тәулік ішінде қылмыскер 7 адамның, соның ішінде 5 құқық қорғау органдарының қызметкерінің өліміне әкеп соққан ауыр қылмыстар жасады. 3...
«Тараз» футбол орталығының 2000 жылы туған жасөспірімдер командасы шешуші ойында «Қайрат» Академиясындағы құрдастарын 1:0 есебімен тізе бүктіріп,... Мұндай болады деп ешкім ойламаған. Финалдық кезеңнің толық қожайыны ретінде алаңға шыққан алматылық «Қайрат» турнир басталғанға дейін...
Шағын футболдан Қызылорда қаласында өткен БАҚ өкілдері арасындағы бәсекеде «Taraz press» жерлестер құрамасы жүлделі екінші орынды қанжығалады. Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай өткен турнирде еліміздің бірқатар өңірінен келген журналистер облыс әкімі тағайындаған жүлдені сарапқа салды.
В Таразе жители многоэтажек устанавливают в квартирах самодельные газовые водонагреватели. Каждое лето городские власти просят и умоляют жителей многоквартирных домов уделить хоть какое-то внимание подготовке к отопительному сезону,...
В Таразе прошли публичные слушания по исполнению тарифных смет и инвестиционных программ коммунальных служб. Провел данную встречу Ерболат Дуйсенбиев, руководитель департамента комитета по регулированию естественных монополий, защите конкуренции и прав потребителей Министерства национальной экономики...
Ноябрь 2018
Mo Tu We Th Fr Sa Su
29 30 31 1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 1 2

Сауалнама

Каким вы находите cостояние дорог именно в вашем районе, квартале, на вашей улице? Заметили ли вы изменения в решении этой проблемы?

Состояние вполне хорошее. Заметны положительные изменения. - 15%
Состояние дорожного покрытия не удовлетворяет. Ремонтируют лишь центральные улицы. - 30%
Дороги оставляют желать лучшего. Кардинальных изменений не вижу. - 23.8%
Все, что покрыли сегодня, завтра опять потребует ремонта. - 31.3%

Total votes: 80
The voting for this poll has ended on: 30 Там 2016 - 00:00